Yessenov University мен Қазақстан-Неміс жоғары оқу орындарының өзара серіктестігі нәтижесінде бірлескен жобаны жүзеге асыру былтыр қазан айында бастау алды. "Қазақ-Неміс инжиниринг институты" жаңа оқу жылынан бастап логистика және энергетика мамандықтары бойынша студенттерді қабылдап, ағылшын, неміс тілдерінде оқыта бастайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Yessenov университетінің ректоры Берік Ахметов мамандықтар бағдары Маңғыстау өңірін дамытудың кешенді жоспарына сәйкес айқындалғанын мәлімдеді.
- Баршаға мәлім, Маңғыстауда ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделген. Сондықтан білімі мен біліктілігі халықаралық стандарттарға сәйкес кадрларды даярлау мәселесі туындайды. Біз халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орындарымен бірлесіп, өз университетіміздің базасында осы бағытта жұмыстануды жөн көрдік. Басты мақсатымыз - Маңғыстауда өңір экономикасын ілгерілетуге өз үлесін қосатын, озық біліммен қаруланған мамандар буынын қалыптастыру, - деді Берік Ахметов.
Жаңа институт Есенов университетінің базасында орналасады. Студенттерге Германияда кәсіби дағдыларын үздіксіз жетілдірген жергілікті ұстаздармен қоса неміс оқытушылар дәріс береді.
- Халықаралық серіктестіктің тағы бір қыры сапа стандарттары талап етіледі. Диплом беру үшін пәндерді оқу, материалдық-техникалық база, профессорлық-оқытушылық құрам сапа стандартына сай болуы тиіс. Сондықтан былтыр біздің университет неміс агенттігінің алты жылға бағдарланған институционалдық аккредитациясынан өттік. Бұл бірінші талап. Тағы бір басты талап - білім беру, оқыту үдерісінің сапасы, сондай-ақ профессорлық-оқытушылық құрамның сапа стандарттарын синхрондау қажеттігі. Осы талаптар үдесінен шыға алмағандар диплом алмайды. Студенттерге, оқытушыларға, сондай-ақ инфрақұрылымға да жоғары талап қойылады, - деді Берік Ахметов.
Студенттердің алғашқы легі жаңа оқу жылы қабылданады деп жоспарлануда. Ағылшын және неміс тілдерінде "Логистика" және "Энергетикалық және экологиялық инжиниринг" мамандықтары бойынша 25 студенттен тұратын екі топ ашылады.
- Біз ағылшын тілін жақсы білетін студенттерді таңдаймыз. Сондай-ақ неміс тілін үйренуге назар аударамыз. Осы жылдың көктемінде университеттің 20 оқытушысы неміс университеттеріне - Берлин техникалық университетіне, содан кейін Гамбург және Анхальт университеттеріне кәсіби даярлық курстарына қатысады. Дайындық 3-6 айға созылады. Жыл сайын осы кадрларды қайта даярлау жоспарланып отыр. Студенттер Германияда да оқи алады. Екі дипломдық бағдарлама бойынша олар Германия кәсіпорнындарыньа өндірістік тәжірибеден өту үшін бір жарым жылға кетеді, - деді Қазақстан-Неміс университетінің президенті Волрад Роммель.
Білім алушылар 8 бакалавриат, 6 магистратура мамандықтары бойынша қос дипломға және үш дипломға ие болады. 2030 жылға дейін мың студентті оқытып, облыстағы Green Hydrogen жобасына қажетті кадрлар дайындап шығару жоспарланды.